«Қауіпсіз балабақша» — «Заң мен тәртіп» бағыты бойынша«Заң мен тәртіп» бағыты аясында «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілерімен «Қауіпсіз балабақша» тақырыбында танымдық әңгімелер, дидактикалық ойындар және түрлі жағдаяттарды талқылауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды.Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға балабақша аумағында қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіру, қауіптің алдын алу жолдарын үйрету және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.Әңгімелесу барысында балалармен күнделікті өмірде кездесетін қауіпсіздік ережелері талқыланды. Топ ішінде жүгірмеу, бір-бірін итермеу, ойыншықтарды ұқыпты әрі дұрыс пайдалану, үшкір және қауіпті заттарға тиіспеу, тәрбиешінің нұсқауларын мұқият тыңдау және белгіленген тәртіпті сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар балалар өз қауіпсіздігіне ғана емес, айналасындағы достарының да амандығына жауапкершілікпен қарау керектігін түсінді.Білімдерін бекіту мақсатында «Болады — болмайды», «Қауіпсіз — қауіпті» атты дидактикалық ойындар өткізілді. Ойын барысында тәрбиеленушілер ұсынылған суреттер мен жағдаяттарды талдап, қауіпсіз және қауіпті әрекеттерді ажыратты, дұрыс шешім қабылдауға және өз ойларын еркін жеткізуге дағдыланды.Осындай танымдық іс-шаралар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, тәртіптілікке, жауапкершілікке және өзара қамқорлыққа тәрбиелеуге ықпал етеді. Өйткені қауіпсіз балабақша – әр баланың денсаулығы мен өміріне деген ортақ жауапкершіліктен басталады!



